1 маусымға арналған экскурсияға еліміздің барлық облыстарынан, соның ішінде су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 81 оқушы қатысты. Ақорданың жас қонақтарының арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері болды.
Оқушылар ресми қабылдаулар, келіссөздер мен кездесулер өткізуге арналған орталық Салтанатты зал мен залдарды тамашалады. Оқушылар сонымен қатар Резиденция аумағындағы бақшада серуендеді. Балаларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың күн тәртібімен таныстырды, сондай-ақ оларға еліміздің бас ғимаратымен байланысты қызықты фактілер туралы айтылды.
Соңында оқушыларға мемлекет басшысының атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, екі күндік сапар барысында балалар Елорданың Президенттік орталығы, Ұлттық музей және "Нұр-Әлем"павильоны сияқты көрікті жерлеріне барады.