Коммунальное государственное учереждение "Общеобразовательная школа села Узынколь отдела образования по Егиндыкольскому району Управление образования Акмолинской области"
"Ақмола облысы білім басқармасының Егіндікөл ауданы бойынша білім бөлімі Ұзынкөл  жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Біз әлеуметтік желілердепіз

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Ә.КЕКІЛБАЕВ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ТІЛ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ

20.04.2019

Ә.КЕКІЛБАЕВ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ТІЛ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ

 

Нұрхатова Г.Т

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,

Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы,

Ушаков орта мектебі

nurxatova96@mail.ru

 

Адамның ең асыл құңдылығы – сөз. Ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейінгі адамның ақыл-ойы, ондағы қымбат дүниелері сөз арқылы жетті. Сөз өнерінің үлкен бір саласы – публицистика. Публицистика өз кезеңінің өзекті мәселелерін көтеріп, баршаға сол кезеңнің негізгі міндеттерін аңғартып, әлеуметтік оқиғалардың сипатын айқындайтын қоғамдық, саяси  мән-мағынасы бар ұғым. Публицистика қоғамдық мәселелерді сырттан емес, тәжірибемен, өмірмен ұштастыра байланыстыра сипаттайды. Публицист адамның мәдени және қоғамдық іс-әрекеттеріне көз жүгіртеді, сондықтан уақыт тынысы бейнелі байқалып отырады. Жазушы публицистикасының қазақ жұртының тағдыры мен ұлтына байланысы оның өзіндік айырмашылығын айқындайды. Публицистика жанрының үлкен проблемасы тілдің ұлттық дәстүрінің, сананың байлығы мен ерекшелігін зерттеу және айқындау болып табылады.

Қазақ халқының аңсаған армандарының бірі – тәуелсіздікке қол жеткізу еді. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, қоғамның саяси және мәдени салаларына өзгеріс еніп, мемлекетіміз ел болып қалыптасты. Ұлттық мәдениет, дүниетаным, ұлттық болмысымыздың дамып, рухани қазынамыздың сақталуына әдеби дәстүр өз пайдасын тигізуде. Қоғамдық-саяси қызметімен танымал тұлға, еліміздің жазушысы, қоғам қайраткері – Әбіш Кекілбайұлының  тарихтағы орны ерекше болып саналады. Осы кезеңде бұрын қалыптасқан өмір фактілері мен оқиғалар жайлы ғана емес, бүкіл қоғамды толғандырған күрделі мәселелер жалпы түрде талданып, саралауға жол ашылды. Бұған себеп – Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздігіміз жайындағы саяси маңызы зор сараптамасы.

Тәуелсіз еліміздің бүкіл әлеуметтік-саяси және қоғамдық тіршілігінің қиын кезеңін атқарысып келген Ә.Кекілбаевтың публицистикасында тәуелсіздік тақырыбын ең басты тақырып ретінде көреміз. Ә.Кекілбаев ақыл-ой мен парасаттың иесі болғандықтан, оның шығармашылығында тәуелсіздік пен егемендіктің көрінуі, қоғам өмірінің сипат беруі заңды құбылыс.

Әбіш Кекілбаев – қазақ халқының сөз өнерін ғана емес, саяси ой-өрісін кемелдендіруге біршама еңбектеніп ақылы мен парасатын басқаларға үлестіріп келген қаламгер. Жазушының туындылары, көркем шығармасы болсын, көсемсөзі болсын ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Ә.Кекілбаевтың тәуелсіздік жайындағы ой толғаныстары баспасөз беттерінен әрқашан да көрініп жүреді. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Н.Оразалинге берген сұхбатында тәуелсіздікті нығайтудың кепілі – ішкі ынтымақты нығайту деп көрсетеді. Публицист-жазушы: «Тәуелсіздікті нығайтудың ең басты кепілі ретінде ішкі ынтымақты нығайту. Ол жоқ жерде тәуелсіздік жай сөз болып қалады. Оны ашыққан да сатуы ықтимал, масыққан да сатуы ықтимал. Оған жол бермеудің жалғыз жолы – экономикалық қатынастарды да, саяси қатынастарды да мейлінше демократияландыра түсу. Бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеу. Әркімнің өз еңбегімен күн көрінуіне ғана емес, ауқатты өмір сүруіне құқықтық та, экономикалық та мүмкіндіктер жасауға күш салу. Ол үшін жүргізіліп жатқан реформадан бас тартуға болмайды. Өйту әлеуметтік реваншизмге апарады. Жүріп жатқан реформаны көптің көңілінен шығатындай ғылып, қайта пайымдау керек. Оның тиімділігіне көптің көзі тезірек жететіндей қылып әлеуметтік мәселелерді шешуге күш салған жөн..» [1, 3 б] – дей отырып проблемаларды демократиялық жолмен шешу керек екенін мәлімдейді.

Ә.Кекілбаев қазақтың тәуелсіздікке ұмтылуының әрекеттерінен бергі кезеңде азаттыққа, бостандыққа деген аңсарынын жоғын жоқтасып келе жатқан тұлға. Мемлекеттік қызмет жолында жүрсе де шығармашылық жолынан тайған емес. Қаламгер ретінде де, мемлекет қайраткері ретінде де еліміздің тәуелсіздік жолындағы күресіне жазушы араласпаған саяси жағдайлар санаулы.

Ғасырлар бойы сарғая жеткен тәуелсіздігіміздің қасиетін қадірлеп, оны сақтап, іргесін нығайтуды Ә.Кекілбаевтың ой толғаныстарынан табамыз. Ә.Кекілбаевтың «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие» атты мақаласы біз үшін аса құнды. «Дүниеде тәуелсіздік, бостандық, теңдікті аңсамайтын адам жоқ. Сол жолдағы тынымсыз күрес те тоқтап көрген емес. Әлі жеткен кезде жеңді. Әлі жетпеген кезде жеңілді. Оған бола өткен ұрпақтарға өкпелей алмаймыз. Олардың әрдайым жеңіске жете бермегенімен бүгінге дейін желісін үзбей келе жатқан өзекті күресі болмаса, бүгін де жеңіске жете алар, жете алмасымыз неғайбыл нәрсе. Бұны тереңдеп ұғып, қастерлей білмесек, қолымыз жетіп отырған жеңісті жемісті жалғастырып кете алуымыз да неғайбыл нәрсе» [2, 42 б]. Мақалада егемендік алып, тәуелсіздік жариялау, әдетте басқа мемлекеттердің ыдырауына байланысты болып келетінін, жиырмасыншы ғасырда азаттық жолындағы күрестің жеңіске жеткені, қандай мемлекеттер құлап, қандай мемлекеттер егемендік алғаны жайлы жазылады. Автор бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді кейбіреулердің сенімсіз қарап, кейбіреулердің келекеге айналдырып, тәуелсіздік құдіреті түсіретін сөздер жүргенін айтып қынжылады. Ондайлардан аулақ болуы үшін, қандай әрекет жасау керектігінің жолын көрсетеді.

Еліміз егемендігін алған жылдардан бері Ә.Кекілбаевтың «Заманмен сұхбат»(1995 ж), «Азаттықтың ақ таңы» (1998 ж) атты көсемсөз кітаптары жарыққа шығып, қазіргі таңдағы демократиямызды асқақтай түсіп, тарихи ой-сана қалыптастыру болып саналады. Тәуелсіздік орнаған жылдар еліміз үшін ұмтылыс, сенім, толысу кезеңі болғандықтан халықтық рухты жетілдіріп, болашақ ұрпаққа отансүйгіштік сезімін орнату секілді маңызды мәселеге әлемдік деңгейде шешімін табады. Бұл оның шығармашылық әлеуетінің деңгейін сипаттайтын қаламгердің тар ортада қалып қоймағандығын, керісінше жоғары деңгейден байқатады.

Әбіш Кекілбайұлының тілі – өте көркем, публицистикалық жанр стилінің аясына сыймайтын, газет тілі заңдылықтарына бағынбайтын тіл. Әбіш Кекілбаев әлеуметтік және экономикалық тақырып аясында ерекше қалам тербеген жазушы. Сол себептен оның тілдік құралдарды қолдануына қоғамның дамуындағы құбылыстар айрықша әсер еткен. Публицистің қай шығармасын алсақ та, ондағы шынайылық пен әділеттілікті алға тартып, қоғамдық жағдайдың әрбір қыр-сырын тереңдете сипаттауға бағытталғандығы аңғарылады. Қайраткердің әлеуметтік қызметі және творчествосына көз жүгірте отырып, оған талдау жасау кезінде ойымызда Ә.Кекілбаев жайлы тума талант пен терең ой иесі, жазушы, драматург, сыншы, сөз зергері деген сөздер тізіледі. Оның шығармаларында қалыптасқан қоғамдық және саяси әрі философиялық толғамдар халықтың әдебиеті мен мәдениетіне ықпал жасайды.

Тіліміздің тағдыры жайлы еңбектерінен Ә.Кекілбайұлының тұшымды ой-пікірлерін аңғарамыз. Ол тіл және тәуелсіздік ұғымдарын қатар қояды. Заман өткен сайын тәуелсіздік түсінігінің мән-мағынасы тереңдеп, болмысы анықталып келеді. Тәуелсіздік алдымен адамға қажет асыл қазына болған соң, оның болмысы да адамға жақын. Ғасырлар бойы бодандықта өмір сүрген халықтың тәуелсіздік алып санасы оянып, есін жинағалы талай уақыт өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейін туған тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жандандырып, көркейтуге арналған іс-шаралар атқарылып келе жатыр. Әбіш Кекілбаевтың ойы мен білімі қай бағытта қалам тербетсе де көрініп-ақ тұрады. Тіл жайлы толғаныстарында, туған тілінің тағдырын әлемдегі өзге тілдердің тағдырымен салыстырып отырады. Бұрынғы күн мен қазіргінің тарихын, тіл мәселесі, даму ерекшеліктері және оның жолдары тәрізді мәселелерді шебер баяндайды. Қандай ой-пікір білдірсе де, оған ғылым салаларындағы зерттеулер мен дерек-дәйектерді негіз етіп, өз көзқарасымен тұжырымдайды. Мемлекеттік тіл мәселесі жайлы толғаныстары, ұсыныстарындағы пікірлерінің астарынан қазіргі лингвистикада зерттеліп, негізгі деп саналатын саналатын этнолингвистикалық, эсктралингвистикалық мәселелерге байланысты дүниелерді көруге болады.

Тіл мәселесі – қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің бірі. Мемлекеттік тілге қатысты мәселені шешу сабырлылық пен күш-жігерді жұмсауды керек етеді. Осы бағытта қол жеткізген табыстарды баянды ету үшін ұраншылдыққа салынудан гөрі, ғылыми тұжырымдарға сүйеніп, ой-пікір өрбіту ұтымды болады. Себебі, тілдің мәртебесі ресми тұрғыдан жарияланғанымен, оның қолданылуы мен үйретілуін іске асыратын нәрсе ойдағыдай емес. Осы жерде «Мемлекеттік тілде іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасау әлі күнге дейін қосалқы сипатта ғана атқарылып келе жатыр... Бұл орайда, әсіресе, билік орындарының мемлекет тілінде сөйлеуіне баса назар аударған жөн. Өйткені, солар мемлекеттік тілде сөйлемейінше төменгі жақтың тілге назар аударуы түзелмек емес»[3], - деген публицист пікірінің маңызы зор. Шынында да өкіметтің өзі сөйлемейтін, өзі іс жүргізбейтін тілде қоғамдық ұйымдардың сөйлей қоюы, іс жүргізе қоюы екіталай дүние.

Әбіш Кекілбаев публицистикасы тақырыбының алуандығымен өзгеше. Көсемсөздерінің тақырыптары ел тағдыры, жер тағдыры, ынтымақ, бірлік, мәдени қарым-қатынас, ұлттық ұстаным мен дүниетаным жайлы. Тілдің ұлттық дәстүрінің сананың байлығы мен ерекшелігін  айқындау, зерттеу, ұлт арасындағы әділет, келісім, жарасымдылықты бұзатын әрекеттердің алдын алу – публицисттің басты зерттеу нысаны.

Азаттық үшін күрескен халықтар тағдыры, әлемнің әр түкпірінде отарлық жүйенің орнығуы, жер шарына үстемдік етуге ұмтылған ірі мемлекеттердің озбыр саясаты, осындай аласапыран дүниеде аз ұлттардың елдігін сақтау үшін жанкешті күресі, тіл саясаты туралы Әбіш Кекілбаев кеңінен сөз қозғайды. Тілдің қоғамдағы орнын, әлеуметтегі мән-мағынасын сезіне білген Ә.Кекілбайұлы, бұл ұғымды өзгенің санасына жеткізе білген кемел тұлға.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Н.Оразалин. «Тәуелсіздік пен ықпалдастық» // «Егемен Қазақстан»/ 1996 ж. 25 наурыз, 3 б.

2. Ә.Кекілбаев. «Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие»// «Жалын». – 1997. №1, 42 б.

3. Мемлекеттік тіл қосалқы сипатта ғана жүзеге асуда//Ана тілі. №6 ақпанның 10-ы, 2005.

 

Просмотров: 1319


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст